Журналист И. Таскулов против Онгара Тажиева и газеты «Онтустик таны» (на каз.яз.)

Алматы қ.

2010 ж., маусым

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жанындағы ақпараттық таластар бойынша Қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Г.Х.Аженованың 11 маусым 2010 жылғы тапсырысы бойынша ғылыми дәрежесі мен атағы, аты-жөні (мамандығы: 10.02.06 ­ түркі тілдері, ғылыми стажы − ... жыл), ұсынылған деректерге түсінік беру мақсатында арнайы лингвистикалық танымдары негізінде келесі сұрақтарға зерттеу жүргізді.

Түсінік беру үшін қойылған сұрақтар:

  1. Ұсынылып отырған жарияланым мәтінінде И.Тасқұлов туралы ақпараттар қандай формада берілген: тұжырым немесе баға, пікір немесе болжам түрінде ме?


Зерттеу нысаны және істің материалдары:

1. «Оңтүстік таңы» газетінің 26 ақпан 2010 жылғы № 8-9 (270) санында «Анонс» айдарында И.Тасқұлов жайында жарияланған мәліметтің ксерокөшірмесі.

2. Жеке айыптаушы Иса Омарұлы Тасқұловтың «Ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау» туралы шағымының ксерокөшірмесі.


ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ

Кез келген шығармашылық материал (оның ішінде журналистік, сондай-ақ оқырман хаты) – бұл біртұтас тілдік туынды. Демек, оны құрайтын тілдік бірліктер, сол тілдік бірліктерді қолданудағы амалдар мен тәсілдер, мәтіннің іштей ұйымдасуы өзара байланысты және өзара сәйкестікте табылады, ал мәтіннің жекелеген компоненттерінің нақты мәнісі оның композициясымен тұтастықта ғана анықталады. Сондықтан функционалды грамматика теориясы [1], прагмалингвистика [2] бойынша мәтінді құрайтын әрбір тілдік деталь тұтас мәтін контексінде, микротекст аясында (сөздің, сөз тіркесінің, нақты сөйлемнің фраза, абзац ішіндегі қалпы), сондай-ақ макроконтест аясында (мәтіннің туу ситуациясы) алынып бағаланады. Тіл білімінің функционалды грамматика, тіл прагматикасы теорияларының бұл принциптері филолог-мамандар мен сарапшылар тарапынан сот-лингвистикалық сараптама үдерісінде басшылыққа алынады.

1. Ұсынылып отырған жарияланым мәтінінде И.Тасқұлов туралы ақпараттар қандай формада берілген: тұжырым немесе баға, пікір немесе болжам түрінде ме?

    Мәтін – біртұтас күрделі құрылым. Ол өзара логикалық байланыста табылатын сөйлемдер тізбегінен құралады. Мәтін пропозициясында (мазмұнында) нақты деректі ақпараттармен бірге, автор тарапынан білдірілетін субъективті компоненттер де қамтылады. Мәтіннің осы тұрғыдағы ерекшеліктерін есекре келе, функционалды-семантикалық, прагматикалық кешенді талдау барысында «Оңтүстік таңы» газетінің 26 ақпан 2010 жылғы № 8-9 (270) санында «Анонс» айдарында жарияланған мәліметте И.Тасқұлов жайында тұжырым түрінде берілген келесі деректі ақпараттар анықталды: 1. жала жапты, күйе жақты; 2. әр жылы мемлекеттің 5 млн. теңгесін жеді, тапсырысты орындамады; 3. түрмедегі әйел-ананы арбады, кино жасады;

    Мұндағы жала жапты, күйе жақты түріндегі бірінші тұжырым «бірге-бірді айдап салуымен, жұртқа «жаптым жала, жақтым күйе» жасауымен газетінің бетінің «былғануы» деген контекстің ішінде жәбірленуші И. Тасқұловтың атынан І жақтан жеткізілгендіктен, тырнақшаға алынып берілген. Контекст ішінде тұрған «жаптым жала, жақтым күйе» фразасының жәбірленуші И. Тасқұловқа қатысты айыптау мәні сөйлемдегі келесі сөздермен семантикалық байланысында анықталып тұр: жұртқа «жаптым жала, жақтым күйе» жасауымен газетінің бетінің «былғануы».

    Тәуелді жалғауының ІІІ жағында тұрған газетінің сөзі газеттің И. Тасқұловқа тиесілі екенін көрсетеді.

    Тәуелді жалғауының ІІІ жағында тұрған жасауымен («жаптым жала, жақтым күйе» жасауымен) сөзі жала жабу әрекетінінің де И. Тасқұловқа тиесілі екенін жеткізіп тұр. И. Тасқұловтың жала жабу әрекетін өз газетінде жүзеге асырғаны газетінің бетінің «былғануы» деген тіркестердің мазмұнынан анықталады, бұл тұрғыда тәуелділікті білдіретін грамматикалық көрсеткіштері қолданылған.

    Тырнақша ішіне алынып, астарлы семантикада қолданылып тұрған былғануы сөзі жаман нәрсенің жағылуы тұрғысында газет бетінде біреуге жала жапты деген айыптау мағынасын жеткізген тұжырым болып табылады. Былғануы сөзі өткен шақтағы аяқталған іс-әрекетті білдіретін -ды формасында былғады түрінде келмегенімен, контексте «жаптым жала, жақтым күйе» жасауымен тіркестерінен кейін орналасуына қарай және осы тіркестермен логикалық байланысында өткен шақта болған деректі ақпаратты тұжырымдайды.

    Осы контестегі «бірге-бірді айдап салуымен» сөйленісі деректі ақпарат ретінде таныла алмайды. Себебі мұнда «бірге-бірді айдап салу» сөйленісі жалпы оқиғалар негізіндегі жеке субъективтік пайымды білдіреді.

    Әр жылы мемлекеттің 5 млн. теңгесін жеді, тапсырысты орындамады түріндегі екінші тұжырым мемлекеттің әр жылы 5 млн. теңгесін жесе де, тапсырысты орындамауы контексі мазмұнында берілген. Мұнда шартты рай формасындағы жесе сөзі өткен шақтағы аяқталған іс-әрекетті білдіру қызметін атқара алмайды, бірақ оның де шылауымен жесе де түріндегі тиянақсыз формадағы тіркесі бұрынғы өткен шақта болған іс-әрекетті білдіреді, және бұрынғы өткен шақта болған іс-әрекетті білдіруімен бірге, орындалуы тиісті әрекеттің – тапсырыстың жүзеге асырылмауына байланысты қарсылықты мәнді де қамтыған.

    Ал түрмедегі әйел-ананы арбады, кино жасады деген үшінші тұжырым да түрмедегі әйел-ананы арбап, оны кино еткеніне түріндегі аяқталмаған тиянақсыз формадағы сөйлемдердің мазмұнында берілген. Мұндағы (кино) еткеніне дегендегі –кен есімше формасы өткен шақтағы анық болған іс-әрекетті білдіреді [3]. Мысалы, оның айтқанына көндім, яғни оның бір нәрсе айтқаны анық немесе ол бір нәрсе айтты, мен соған көндім. Және түрмедегі әйел-ананы арбап, оны кино еткеніне синтаксистік құрылымы өзінен кейін тұрған сол кейіпкердің наразылық хаттары деген сөйленістермен тіркесіп берілуі арқылы да деректі ақпаратты білдіретін тұжырым ретінде танылады. Яғни, И. Тасқұловтың әйел-ананы арбағаны, кино еткені туралы ақпарат контекст компоненттерінің өзара логикалық байланысында, яғни сол кейіпкердің наразылық хаттары туралы ақпаратпен тұжырымдалып тұр.

    Сонымен қатар, «Оңтүстік таңы» газетінің 26 ақпан 2010 жылғы № 8-9 (270) санында «Анонс» айдарында жарияланған мәліметте И.Тасқұлов жайында бағалауыштық ақпараттар болжам, күман түріндегі келесі сөйлемдерде берілген: 1. «Замананың» қожайыны Иса Тасқұловтың «Жас дәурен» газетінде бастаған «қараулығы» қалмаған сияқты.

    Қараулық сөзі «жаман, залым, ұятсыз, сараң, әділетсіз» сияқты мағыналарды білдіретін қарау сөзінен туындап, осы сияқты жағымсыз іс-әрекеттерді білдіреді [4]. Контексте қараулығы сөзі И. Тасқұловқа қатынасында жоғарыда аталып өтілгендей, түрлі жағымсыз іс-әрекеттер тұрғысынан бағалауыштық мәндерді қамтыған. Талдауға алынып отырған сөйлемде «қараулық» әрекеттер тұрғысындағы күман сияқты сөзі арқылы білдірілген, сондықтан тұжырым ретінде танылмайды.

    Сұраулы сөйлем формасында тұрғанымен, нақты жауапты қажет етпейтін бірақ оқырманды я тыңдаушыны ойландыру мақсатын көздейтін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшылығынан аяқ астынан кетуінің сыры неде?» риторикалық сөйлемінде И. Тасқұловтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшылығынан кеткені туралы деректік ақпарат тұжырымдалған. Және И. Тасқұловтың күманды адам тұрғысындағы астыртын бағаны қамтитыны осы риторикалық сөйлемнің өзінен қоғамдық тұрғыдан айыпталатын іс-әрекеттер туралы ақпараттар қамтылған кейінгі сөйлемдермен байланысында анықталады.

    ҚОРЫТЫНДЫ


    1. Лингвистикалық талдауға ұсынылып отырған мәтінде И.Тасқұлов жайында келесі деректік ақпараттар тұжырым түрінде берілген: 1. жала жапты, күйе жақты; 2. әр жылы мемлекеттің 5 млн. теңгесін жеді, тапсырысты орындамады; 3. түрмедегі әйел-ананы арбады, кино жасады;

    Осы «Анонс» айдарында жарияланған мәліметте «Замананың» қожайыны Иса Тасқұловтың «Жас дәурен» газетінде бастаған «қараулығы» қалмаған сияқты және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшылығынан аяқ астынан кетуінің сыры неде?» сөйлемдерінде И.Тасқұлов жайында бағалауыштық ақпараттар болжам, күман түрінде берілген.

    Маман,  ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, аты-жөні, қолы, мөр

    Пайдаланылған әдебиеттер



    1. Муcтайоки А. Теория функционального синтаксиса: от семантических структур к языковым средствам. – М., 2006. – 512 c.

    2. Ерназарова З. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. – Алматы, 2004.– 208 б.

    3. Сулейменова Э.Д., Кадашева К.К., Аканова Д.К. Қазақ тілі. Грамматикалық анықтағыш. – Астана: Арман-ПВ, 2007. – 240 б.

    4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. ­Алматы: Ғылым, 1974­1986. ­1­10­томдар.

    5. Нормативное постановление Верховного суда РК от 18 декабря 1992г. №6 «О применении в судебной практике законодательства о защите чести, достоинства и деловой репутатции физических и юридических лиц».

    6. Белкин Р.С. Собрание, исследование и оценка доказательств. – М., 1966.

    7. Қарымсақова Р. Лингвистикалық қауіпсіздік / Жүз жағдай ­ жүз кеңес. Журналистерге көмек.  ­Алматы: "Әділ сөз",  2007. ­ 91­142­б.

    8. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 800 бет. Қазақ тілінің сөздігі / Жалпы ред. басқарған Т.Жанұзақов. ­Алматы: Дайк­Пресс, 1999.

    9. Словарь основных терминов судебных экспертиз. ­М., 1980.


    10.  Сүлейменова Э.Д. ж.б. Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігі. Словарь социолингвистических терминов / Шәймерденова Н.Ж., Смағұлова Ж.С., Ақанова Д.Х. – Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2008. – 392 б.

    11.  Лингвистический энциклопедический словарь. ­М., 1990.

    12.  Краткий политический словарь. ­М.: Политиздат, 1989.

    13.  В.С.Ли и др. Лингвистическое исследование конфликтного текста в юридической практике / Р.Д.Қарымсақова, Р.Б.Тапалова. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 146.

    14.  Қалиев Ғ. Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. ­Алматы: Дәуір, 2003.

    15.  Стандартная методика исследования объектов, содержащих признаки оскорбления чести, достоинства и деловой репутации личности. Пособие для экспертов. ­Алматы:  изд. ЦСЭ МЮ РК, 2002.

    16.  Понятия чести, достоинства и деловой репутации: Спорные тесты СМИ и проблемы их анализа и оценки юристами и лингвистами. Изд. 2­е, перераб. и доп. ­М., 2004.

    17.  Цена слова: Из практики лингвистических экспертиз текстов СМИ в судебных экспертизах и информационных спорах: Сборник материалов научно­практического семинара. Часть 2. ­М., 2002.
    Будьте в курсе

    С нашей рассылкой новостей вы будете в курсе свежих фактов нарушений свободы слова в Казахстане

    Альбом
    Vazno